ҒАЛЫМЖАН ЕСЕНОВ АЛМАТЫ ТРИАТЛОН ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ
29
июля 22'

ҒАЛЫМЖАН ЕСЕНОВ АЛМАТЫ ТРИАТЛОН ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ

Бизнесмен Ғалымжан Есенов Алматы триатлон федерациясының (АТФ) басшысы қызметінен кетті. Бұл оның өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты болды.

АТФ құрылтайшыларының жалпы жиналысының отырысында белгілі спортшы, танымал блогер, салауатты өмір салтын ұстанатын Валихан Тенді федерацияның жаңа басшысы етіп тағайындау туралы шешім қабылданды.

Ғалымжан Есенов Алматы триатлон федерациясының Қамқоршылар кеңесінің тең құрылтайшысы және мүшесі болып қала береді. Ол федерация басшысы қызметінен кетуіне түсініктеме берді:

- Мен АТФ басшысы болып 2017 жылы 3 жыл мерзімге тағайындалып, кейін қайта сайландым. Өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты лауазымды салауатты өмір салтының белсенді жақтаушысы, спортшы және Ironman сериясындағы түрлі жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Валихан Тенге беруді ұсынды. Ол өзгерістерден қорықпайды, барлық жаңа нәрселерге ашық, үнемі идеяларды қалыптастырады және басқаларды шабыттандырады.

Ғалымжан Есенов 2017 жылдан 2022 жылға дейін АТФ басқарды. Осы уақыт ішінде қазақстандық триатлеттер 50 алтын медаль, оның ішінде халықаралық жарыстарда 4 медаль жеңіп алды: 2019 жылы - Азия чемпионатының алтыны (Корея), спринттен Азия Кубогының алтыны және Орталық Азия чемпионатының алтыны (Қырғызстан), ал биыл - триатлоннан Еуропа Кубогының алтыны (Польша).  Республикалық жарыстарда спорт шебері Әнуар Тұрыбаев және спорт шеберіне үміткерлер Дарья Бычкова, Милена Саприна және Данил Породнов сияқты спортшылар үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Осы кезеңде Алматы қаласының триатлон құрамасы республикалық жарыстарда барлығы 131 медаль жеңіп алды, оның 46-сы алтын. 2018 және 2019 жылдары АТФ Қазақстан триатлон федерациясымен бірлесіп, жалпы 500-ден астам адам қатысқан Азия Кубоктарын (ASTC Almaty Triathlon Asian Cup) ұйымдастырып, өткізді. Жыл сайын Қазақстанда 10 республикалық жарыс өтеді, оның ішінде 2-3 іс-шараны АТФ ұйымдастырады. Бүгінгі таңда Алматыда 230 кәсіпқой және 302 әуесқой триатлет жаттығады.

АТФ-ның алдағы жоспарлары туралы оның жаңа басшысы Валихан Тен айтып берді:

- Біз жасөспірімдер арасында дарынды спортшыларды анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізуді және кәсіби триатлонды дамытуды жоспарлап отырмыз. Әуесқойлар үшін жарыстар санын көбейтіп, халықты триатлонмен айналысуға тартуға қабілетті іс-шаралар өткізетін боламыз. Сондай-ақ облыс және Конаев қаласымен бұқаралық спортты дамыту бойынша ынтымақтастықты кеңейту жоспарда бар.