ААлматылық триатлоншылар 2019-маусымын жабық жайдағы чемпионатпен аяқтады
04
декабря 19'

ААлматылық триатлоншылар 2019-маусымын жабық жайдағы чемпионатпен аяқтады

Қазақстанның оңтүстік астанасында Almaty Triathlon Federation (ATF) қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан триатлон федерациясының қолдауымен Indoor триатлоннан 3-ші ашық чемпионаты өтті. 

Indoor Triathlon – маусымаралық жарыстар үшін арнайы ойлап табылған үшсайыстың бір түрі. Бұл жерде жүзу кезеңі бассейнде, велоэтап – велосипед тренажерында, ал жүгіру – арнайы жүгіру жолында өтеді. Дегенмен, бұл республикалық іс-шаралар кестесіне енгізілген және де кәсіби төрешілермен, марапаттармен, сертификаттармен және т.б. өтетін нағыз жарыс. 

Чемпионат ұйымдастырушылары: «Almaty Triathlon Federation» ҚБ, Қазақстан триатлон федерациясы, Алматы қаласы әкімдігі, World Class Almaty триатлон мектебі, «Бірінші болу батылдық» корпоративтік қоры (Алматы Марафоны), Shakhmardan Yessenov Foundation ғылыми білім беру қоры және мультиспорттық YouTube-арна – «Сенің жаңа қырың!».

- Жабық жайлардағы Триатлон - бұл қарсыластар мен төрешілер әрдайым қасыңда болатын ерекше старт, - деп түсіндірді ATF атқарушы директоры Руслан Когай. - Әрбір спортшыға біз "жеке" төрешіні бекітеміз, ол кезеңдердің орындалу адалдығын бақылап қана қоймай, сонымен қатар бағыт учаскелерінен оңтайлы өту үшін ұсыныстар береді. Бүгінгі чемпионат спорт ғимараттарының мүмкіндіктерін қаншалықты кеңінен қолдануға болатынын көрсетеді. Велотренажерлер мен жүгіру жолдары әрбір фитнес-орталықта, ал жүзу бассейндері - әрбір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бар. Сондықтан, мұндай жарыстарды республиканың кез келген қалалары мен аудандарында өткізуге болады. 

Бірінші күні "супер-спринт" (300 м - жүзу, 8 км - велоэтап, 2 км жүгіру) дистанциясында 13 жастан жоғары 60 кәсіби атлет сайысқа түсті. Төрешілерден басқа, әрбір спортшыны жаттықтырушылар мұқият бақылап, жаңа спорт дарынын іздеді. 

- 2019 жылы Almaty Triathlon Federation қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі тоғыз жарыс өткізді. Триатлонды дамыту стратегиясы аясында бес әуесқой старт ұйымдастырылды, - дейді ATF бас бапкері, 2019 жылы триатлоннан ҚР чемпионы Максим Мазур. – Сонымен қатар, қала чемпионаттары өте маңызды, себебі дәл осы жерде біз қала құрамасына үміткерлерді іріктейміз. 

Чемпионаттың бірінші күнінің қорытындысы бойынша: Камилла Акимжанова, Данил Нисанов (U13-15); Снежана Шербул, Данил Коломыйцев (U16-17); Анатолий Соколов (U18-19); Мария Вязигина, Денис Никищенко (Elite) жеңімпаз атанды.

Жарыстың екінші күнінде "супер-спринт" қашықтығында 18-ден 60 жасқа дейінгі әуесқой атлеттер жарысқа шықты. Бұл жерде мотивация мүлдем басқаша болды: әркім қарсыластармен ғана емес, ең алдымен өз резервтерін "беріктікке" тексере отырып, өз-өзімен жарысты. 

- Indoor форматы бұл спорт түріне жаңадан келгендерге де, тәжірибелі спортшыларға да  лайықты, - деп есептейді жарыс төрешісі, триатлоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Максим Черный. - Қашықтықтың шарттары бір старттан екінші стартқа дейінгі прогресті қадағалауға мүмкіндік береді. Судағы техника бойынша жұмыс істеуге, ашық су айдынында бағдарлауды, буйлардың орналасуын және т.б. ескерместен, өзінің "таза" жүзуін бағалауға жақсы мүмкіндік бар. Сонымен қатар, Indoor – спорт залдарындағы жалықтыратын ұзақ жаттығулардан кейін ағза үшін бой жазып алуға тамаша мүмкіндік.

Айта кету керек, әуесқойлар кәсіби шеберлерден кем түспеді, ал "Ардагерлер" өз кезегінде төзімділік пен күш-жігердің ғажайыптарын көрсетті. Осылайша, 50+ категориясында өнер көрсеткен Талғат Жұмағалиев пен Любовь Асанова екінші рет Чемпиондар медалін қанжығаларына байлады! 

Чемпионаттың екінші күнінің жеңімпаздары: Амилия Искакова, Георгий Борода-Дудочкин (U18-29); Салтанат Қазыбаева, Роман Кузнецов (U30-39); Анна Строева, Владислав Копбосынов (U40-49). 

"Almaty Triathlon Federation" (ATF) қоғамдық бірлестігі Алматы қаласында триатлон мен циклдық спорт түрлерін дамыту, ел ішінде жарыстар өткізу және жетекші спортшылардың ұлттық құрама және халықаралық жарыстарға қатысуын ұйымдастыру үшін 2017 жылы құрылды. Федерация басшысы - Ғалымжан Есенов академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының және "Алматы Марафонының" негізін қалаушысы.

 "Almaty Triathlon Federation" 2018 жылы ҚР-дағы барлық триатлон спорт бірлестіктері арасында "Жыл Федерациясы" деп танылды. ATF қызметінің нәтижесінде Алматы қаласы Орталық Азиядағы триатлон дамуының басты драйвері болды.