Қазақстанда Триатлон "даму мүмкіндігіне ие" спорт түрі болып танылды

2020 жылы Қазақстандық триатлон дамудың жаңа деңгейіне шығады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Республикалық басым спорт түрлерінің тізбесін бекіту туралы бұйрығы жарияланғаннан кейін белгілі болды. Спорт түрлерін саралау және барлық өлшемдер бойынша балдарды есептеу қорытындысы бойынша триатлон Қазақстанда даму мүмкіндігі бар олимпиадалық спорт түрі ретінде "B" тобына енгізілді. Триатлонның "В" тобына түсуі федерация президенті К.К. Мәсімовтің басшылығымен Қазақстан Триатлон Федерациясы жалпы дамудың дұрыс бағытын алғандығын дәлелдеді.

Критерийлерге сәйкес, ережені бекіту кезінде, яғни 2017 жылы триатлон елде даму әлеуетінің төмен деңгейіне ие спорт түрі ретінде "С" тобы қатарына жатқызылды. Бірақ федерацияның елдегі триатлонды дамытуға және танымал етуге бағытталған екі жылдық ауқымды жұмысы тиісті бағаға ие болды. "В" тобына енгізу қазақстандық триатлонға көбірек назар мен қаржыландыру бөлінетінін білдіреді. Бұл спортшылар мен жаттықтырушылар штабының уәждемесін арттыруға ғана емес, сондай-ақ өңірлердегі қажетті инфрақұрылымды жақсартуға, атлеттерді дайындау сапасына, олардың жабдықталуын және спорттық құрал-саймандарды оңтайландыруға тікелей әсер етеді.

Айта кету керек, жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша "В" тобына триатлоннан басқа 18 спорт түрі енді: ат спорты, академиялық есу, синхронды жүзу, баскетбол, батуттық гимнастика, еспелі слалом, классикалық волейбол, гандбол, оқпен ату, регби, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату, суға секіру, семсерлесу, спорттық гимнастика, велотрек және футбол.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы Мәдениет және спорт министрлігі ҚР-да спорт түрлерін саралау ережелерін қабылдады. Жаңа енгізілімдер барлық өңірлерде спортты қаржыландыру жүйесінің ашықтығы мен теңгерімділігін қамтамасыз етуді көздейді.

Спорт түрлерін саралау – халықаралық спорт жарыстарындағы спорттық жетістіктеріне, спорт түрінің ұлттық-мәдени дәстүрлеріне, кадрлық әлеуеттің, материалдық-техникалық базаның болуына, бұқаралығына және өңірдің климаттық жағдайларына байланысты спорт түрінің ерекшеліктеріне байланысты оның даму деңгейін анықтау. Саралау ережелеріне сәйкес әртүрлі спорт түрлері бөлінген топтардың үш түрі бар. "А" тобына дамыған спорт түрлері, "В" тобына – даму мүмкіндігі бар спорт түрлері, ал "С" тобына-әлеуеті төмен спорт түрлері жатады. Саралау әрбір соңғы екі күнтізбелік жылда республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Спорт түрінің басымдығы субъективизмді қоспағанда, объективті көрсеткіштер мен өлшемдерге сәйкес айқындалады.

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ